Дауысхат 2.0, құпия чат 3.0 және...

Read the original announcement in English

Telegram-дағы дауысхаттар жаңа бетбейнеге ие болды: енді дыбыс толқындарының визуализациясы, жаңа ойнатқыш және «Жазу үшін көтеру» функциясы қолжетімді.

Енді ұзақ дауысхатты тыңдай бастап, басқа чаттарға немесе медиафайлдарға ауыса аласыз. Хат фонда ойнатыла береді.

Дауысхаттардың жаңа көрінісі.

Жазу үшін көтеру және тыңдау үшін көтеру мүмкіндіктерінің арқасында дауысхаттарды жазу мен тыңдау әлдеқайда жеңілдеді. Чат ашық тұрғанда, телефонды (қоңырауға жауап бергендей) құлағыңызға тақаңыз: жаңа хаттарды тыңдай аласыз немесе сигналдан кейін жаңасын жаза аласыз.

Жазу үшін көтеру: жібермес бұрын тыңдап көру

Бұл мүмкіндіктің артында сенсорлар, гироскоптар мен акселерометрлердің «сиқыры» жатыр. Ол заманауи құрылғылардың көбінде жақсы жұмыс істейді, бірақ әлі де тәжірибелік кезеңде. Кейбір телефондар үшін әзірлеушілеріміздің «құпия араласуы» қажет болуы мүмкін.

Құпия чат 3.0

Құпия ақпарат алмасудың тамаша тәсілі – авто-жою таймері мен end-to-end шифрлауы бар құпия чаттар. Бүгін біз бұлтты чаттардың ең үздік мүмкіндіктерін құпия чаттарға қостық: сілтеме көрінісі, жауап қайтару, сурет пен бейне сипаттамасы, стикермен бөлісу, инлайн-боттар және GIF-тер. Сондай-ақ құпия чаттарды «өзге ғаламшарлықтардың шабуылынан» қорғау үшін кілттердің визуализациясын жақсарттық.

Жаңа мүмкіндіктерге толы құпия чат

…және…

Құпиялық. Тым белсенді достарыңыз сізді бейберекет топтар мен арналарға қоса бастағанда, бұл тез шаршатады. Енді сізді топтарға кім қоса алатынын зергерлік дәлдікпен реттей аласыз. Мысалы: «Барлық контактім. Тек ана екеуінен басқасы».

Супертоптар. Супертоп иелеріне де көбірек бақылау берілді. Енді жаңа мүшелерді кім қоса алатынын таңдауға болады: барлық мүше ме, әлде тек таңдалған әкімшілер ме? Супертоптарда 1000 мүшеге дейін болуы мүмкін, сондықтан топтың өсуі үшін тәртіп пен хаос арасындағы теңгерімді сақтау маңызды.

Бөлісу мүмкіндігі. iOS құрылғыларында бөлісу үдерісі әлдеқайда оңайлады. Енді кез келген сурет, бейне, аудио, құжат немесе орынды тікелей стандартты iOS қолданбаларынан (контактілер, карталар, диктофон, сурет) кез келген Telegram чатына немесе арнасына жібере аласыз. Сонымен қатар бірден бірнеше чатқа бөлісуге болады.

Тіркемелер мәзірі. Тіркемелер мәзірінен медиа файлдарды таңдағанда, олар әдемі ұлғайтылады. «Сурет іздеу» бөлімі «сурет немесе бейне» бөліміне ауыстырылғанын ескеріңіз (жоғарғы оң жақ бұрыштағы үлкейткіш белгішесін басыңыз).

Пернелер. Сыртқы пернетақтасы бар iPad қолданушылары үшін «пернелерді» қолдау мүмкіндігі қосылды. Енді экранды ұстамай-ақ чаттар арасында ауысып, хат жібере аласыз. Бұл уақытты айтарлықтай үнемдейді.

Сурет өңдегіші. Android пайдаланушылары үшін қосымша фото өңдеу құралдарын енгіздік: айналдыру, қараңғылық, реңк беру және қисықтар.

Photo editor

Қисық сызық құралдары

Осы айдағы жаңартуларымыз осымен бітпейді, жақын арада жаңа мүмкіндіктер мен жақсы жаңалықтар күтіңіз.


2016 жылы 12 ақпан
Telegram командасы

Інші новини