Read the original announcement in English
Telegram 4.4 нұсқасынан бастап, нақты уақытта өзіңіздің тұрған орныңызды кез келген чатқа жібере аласыз.
Кездесуге бара жатқанда немесе үлкен іс-шарада достарыңызбен үйлесуге тырысқанда өте ыңғайлы. Картадағы статикалық орналасқан жерді әр минут сайын жіберудің орнына, енді кездесетін адамдарыңызбен тұрған орныңызды көрсете аласыз: 15 минутқа, 1 сағатқа немесе 8 сағатқа.
Бұл мүмкіндікті қолдану үшін тіркеме мәзірінен «Орын» тармағын таңдап, «Тұрған орнымды көрсету…» басыңыз.
Сондай-ақ тұрған орныды мүмкіндігін топтарда да көрсетуге болады. Топтың басқа мүшелері де осыны жасаса, онда барлығының ағымдағы координаты көрсетілетін интерактивті картаны көресіз. Экранның жоғарғы жағындағы жолақтың арқасында орналасқан жеріңізді кімдерге көрсетіп отырғаныңызды әрдайым білесіз. Ал көрсетуді тоқтату үшін небәрі екі рет басу жеткілікті.
Қолданбадағы аудио ойнатқышын толықтай жаңарттық, енді ол сіз жіберетін және қабылдайтын MP3 және басқа музыка файлдарын ойнатуды жақсырақ қолдайды. Демонстрация үшін @cctracks арнасын көріп көріңіз, онда жаңа медиа ойнатқышының қалай жұмыс істейтінін көрсету үшін тегін музыка жүктедік. Аудиофайлды жүктеп алғаннан кейін тыңдауды бастау үшін ойнату батырмасын басыңыз. Мұқаба суретін және чаттағы әнтізімнің қалған бөлігін көру үшін жоғарғы жолақтағы ойнатылып жатқан тректің атауын басыңыз.
Сондай-ақ Telegram қолданбалары үшін жаңа аударма платформасын іске қосып жатырмыз. Бүгіннен бастап Telegram француз, индонезия, малай, орыс және украин тілдерінде қолжетімді. Жақында парсы тілі сияқты басқа тілдер де қосылады. Енді Telegram 13 тілді қолдайды, олардың бәрі «Баптау» бөлімінде қолжетімді.
Telegram бетбейнесіндегі белгілі бір элементтің тіліңіздегі аудармасы ұнамаса, енді локализация платформасы арқылы балама сөз немесе тіркес ұсына аласыз. Кез келген адам аударма нұсқаларын ұсынып, оларға дауыс бере алады. Осылайша Telegram локализациясы бірлестіктің ортақ еңбегіне айналады.
Басқа қызметтерден айырмашылығы Telegram сөздер мен тіркестердің жаңа аудармаларын қолданбаларға бірден жібере алады. Соның арқасында қолданушыларға жаңа локализацияланған нұсқаны алу үшін дүкендердегі жаңартуды күтудің қажеті жоқ.
Бұл сондай-ақ әзірлеушілерімізге барлық аударманың аяқталуын күтіп отырмауға мүмкіндік береді, яғни жаңа бетбейне Telegram дамуын да жылдамдатады.
Әдеттегідей, Telegram топ чаттарын жақсартуды жалғастырып жатырмыз. Енді үлкен топтарда әкімшілердің хаттарын жаңа «әкімші» белгісі арқылы ажырата аласыз. Ал супертоптардағы әкімшілер енді жаңа мүшелерге бұрынғы хаттар тарихын көрсету немесе көрсетпеуді басқара алады.
2017 жылы 10 қазан
Telegram командасы