Read the original announcement in English

Telegram небәрі 8 күн ішіндегі екінші ірі жаңартуын ұсынады! Енді жаңа нарықта жиынтық сыйлықтарды қауіпсіз сатып алып не сата аласыз. Хикая өңдегіші енді бірден бірнеше хикая жариялауға немесе ұзын бейнені бірнеше хикаяға бөлуге мүмкіндік береді. Арналар автоаударманы қоса алады, сонда әркім жазбаларды өз тілінде көреді. Сондай-ақ арналардың дауыс жинау арқылы жаңа мүмкіндіктерді ашуын жеңілдеттік.
Telegram жиынтық сыйлықтарды қаңтарда таныстырды, және олар бірден хитке айналды, кейбір жиынтықтар бірнеше минутта таусылып қалды. Содан бері қолданушылар жаңа сыйлықтарды көбірек сұрап келеді.
Бүгіннен бастап жұлдыз арқылы басқа қолданушылардан қауіпсіз әрі қолдануға ыңғайлы сыйлық нарығындағы мыңдаған сирек сыйлықты сатып ала аласыз. Бұл тек таңдауды кеңейтіп қана қоймай, сондай-ақ жаңа сыйлықтарға жұлдыз табу үшін өз сыйлықтарыңызды сатуға мүмкіндік береді.
Қосымша іздеу сүзгілері дәл керек нәрсені табуды жеңілдетеді, мысалы: белгілі бір модельді, тұсқағазды немесе таңбаны.
Сыйлық жіберу үшін кез келген қолданушының бейінін ашып, «Сыйлық жіберу» батырмасын басыңыз. Сирек жаңартылған жиынтық сыйлықтарды алғыңыз келсе, «Қайта сату» сүзгісін қолданыңыз.
Жиынтық сыйлықты сату үшін оны бейініңізде ашып, «Сату» батырмасын басыңыз да, бағасын жұлдызбен көрсетіңіз.
Сатылымға қойылғаннан кейін сыйлық нарығында көрінеді және бейініңізде «Сату» белгісі пайда болады, сонда достарыңыз бен оқырмандарыңыз оның сатылымда екенін біледі.
Ойыңыздан айнып қалсаңыз, сатылымды болдырмау үшін «Сатпау» батырмасын басыңыз.
Хикая өңдегіші енді бірден бірнеше сурет немесе бейнені таңдап, жариялауға мүмкіндік береді. Бұл саяхаттан үзінділерді немесе мем топтамасын салуға өте ыңғайлы.
Бейнеңіз 60 секундтан ұзын болса, өңдегіш оны хикаялар топтамасы ретінде жариялау үшін автоматты түрде бірнеше бөлікке бөледі.
Telegram-ның барлық қолданушысы хаттарды аудара алады, ал Premium қолданушылары тұтас чаттарды да автоаудара алады.
Енді арна иелері барлық қолданушы үшін автоаударманы қоса алады. Бұл қосулы болса, келушілер хаттарды өздерінің таңдаулы тілінде көреді, осылайша авторлар жаһандық аудиторияға оңайырақ шығады.
Арнаның жоғарғы жағындағы аударма жолағын кез келген уақытта басып, түпнұсқа мәтінге қайта оралуға болады.
Арналар дауыс жинау арқылы деңгей көтеріп, жаңа мүмкіндіктерді ашады. Бұл жаңартуда дауыс талаптары төмендетілді, сондықтан автоаударма сияқты мүмкіндіктерге жету оңайырақ болды.
Бүгінге осы. Нарықта жақсы уақыт өткізіңіз, ал әзірлеушілерді сирек сыйлық аңдығаннан жаңа мүмкіндіктер жасауға қайтарамыз.
2025 жылы 8 мамыр
Telegram командасы